Прайс-парақ

жаңартылды 13.07.2015

көшіріп алу


шапка шапка шапка шапка

Қазақстанда Еуропалық иммундау апталығы басталды

20.04.2015

Қазақстанда Еуропалық иммундау апталығы басталды

20 Сәуір 2015, ҚазАқпарат

Бүгін Қазақстанда Х Еуропалық иммундау апталығы (ЕИА) басталды. Иммундауға тұрғындардың назарын аудару және оның маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру жолымен екпемен қамту деңгейін арттыруды көздейтін шара республика бойынша ағымдағы жылғы сәуірдің 20-25-сі аралығында өткізіледі, деп хабарланған ҚР ДСӘДМ сайтында. 

Биыл Қазақстандағы Еуропалық иммундау апталығы «Алдын алу, қорғау, егу» ұранымен өткізіледі. ЕИА аясында медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында мамандар кеңес беретін ашық есік күндері өткізіліп, халық көп жиналатын жерлерде медициналық қалашықтар ұйымдастырылып, тақырыптық бейне және аудио роликтер көрсетіледі. Перзентханаларда, перинаталдық орталықтарда, ауруханалардың балалар бөлімдерінде және емханаларда ақпараттық-білім беру материалдары таратылып, иммунопрофилактиканың пайдасы туралы дәрістер оқылады. 

Иммундау - денсаулық сақтаудың ең табысты және тиімді әдістерінің бірі. Ол адамның және жалпы халықтың денсаулығын сақтауда үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, әлемде жыл сайын 1,5 млрд. адамға (жер бетіндегі жалпы халықтың 1\3 бөлігі) екпе жасалады. Көкжөтел, полиомиелит, сіреспе, дифтерия, қызылша, қызамық және эпидемиялық паротит сияқты ауруларға қарсы жоспарлы иммундау шаралары жыл сайын әлемде 3 млн. адамның өмірі мен денсаулығын сақтап, 750 мың баланы мүгедектіктен қорғайды. 

Қазақстанда жыл сайын 5 млн. адамға, оның ішінде 1,3 млн. балаға инфекциялық ауруларға қарсы екпе жасалады. Иммунопрофилактика саласындағы мемлекеттік саясат аурудың алдын алуға, ал елге сырттан әкелінген жағдайда оны таратпауға және жоюға бағытталған. Тұрғындарды вакцинациялау Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы тегін жүргізіледі. Екпе жасалатын инфекциялардың атауы мен мерзімі ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы «Профилактикалық екпелер жасалатын аурулар тізімін, оларды өткізу ережесін және жоспарлы екпе жасауға жататын тұрғындар тобын бекіту туралы» қаулысымен бекітілген.

ТМД елдері бойынша ең үздіктердің бірі саналатын Қазақстанның Ұлттық екпе күнтізбесі ДДҰ талаптарына сай келеді, сондай-ақ дамыған елдердің (Австрия, Израиль, Бельгия, Германия, Түркия, Жапония) көпшілігінің иммундау кестесіне ұқсас. Айырмашылығы, Қазақстанда ол елдерге тән инфекцияларға (шешек, ротавирустық инфекция, жапон энцефалиті, безгек) қарсы вакциянациялау жүргізілмейді.

Республикада тұрғындарды иммундауға ҚР-да мемлекеттік тіркеуден өткен вакциналар ғана пайдаланылады. Оған қоса, балаларды кепілдік берілген вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өндірісін ДДҰ сертификаттаған вакциналарды ғана сатып алады. 2013 жылдан бастап Қазақстанға әкелінетін вакцинаның әрбір партиясы үшін олардың қауіпсіздігі мен сапасын міндетті түрде сертификаттау талабы енгізілді. 

Қазақстанда тұрғындарды жоспарлы иммундау шарасын өткізу вакцинамен басқаруға болатын көптеген ауруларды азайтуға мүмкіндік берді. Айталық, қызылшамен ауыру 10 есеге; қызамықпен ауыру - 68 еседен аса; эпидемиялық паротит - 110 еседен астам; «В» вирустық гепатиті тұрғындар арасында 30,6 еседен астам, ал аталған инфекцияға қарсы егілетін балалар арасында 200 есеге азайды (вакцинация 1998 жылдан енгізілді). 

Қазақстан 2002 жылдан полиомиелиттен азат аумақ ретінде сертификатталды. Соңғы алты жыл ішінде дифтериямен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ. 

Еске сала кетейік, иммундау апталығы ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының бастамасымен соңғы он жыл ішінде (2005 жылдан) сәуір айының соңында өткізіліп келеді. Жыл сайын ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросына мүше 53 мемлекет ЕИА-на қатысады. Соңғы жылдары бұл бастамаға өзге құрлықтарда орналасқан елдер де қосылуда.

Тізімге қайта келу