Егемен Казахстан
“СҚ-Фармация” компаниясының бас директоры Сыздық Баймұқанов:
“Біз үшін ең маңыздысы – науқастарды дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету”
Егемен Қазақстан, 29.11.2010 жыл
Дәрі-дәрмектердің бірыңғай дистрибьюторы – “СҚ-Фармация” компаниясы стационарларға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде Қазақстанда дәрілік заттарды сатып алумен және жеткізумен айналысады. Дәрілермен жеңілдікті және амбулаторлық қамтамасыз ету жергілікті бюджеттердің құзырында, бірақ мұндай әдіс аймақтарда әрдайым тиімді іске асырыла бермейді. Азаматтарымыздың тұрақты және үздіксіз емделуіне кепілдік беру мақсатында дәрі-дәрмектің толық өз уақытында келіп тұруы үшін нендей нәрсені қолға алу керектігін “Егемен Қазақстан” газеті тілшісіне “СК-Фармация” компаниясының бас директоры С.БаймҰҚанов баяндайды.
– Дәрі-дәрмектерді дистрибьюциялау жаңа жүйесіне жауап беретін “СК-Фармация” біздің елімізде екі жылдан астам уақыт бұрын құрылған еді. Ол жалпы денсаулық сақтау жүйесіне және ем қабылдаушыға қандай артықшылықтар әкелді?
– “Әуелі ем қабылдаушы, одан кейін барып ақша” деген қағидаға негізделген Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін (БҰДЖ) енгізгелі бері стационарларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету әрбір науқастың қажеттілігіне сай жүзеге асырылады. Айта кетерлік жайт, бұл тәжірибені амбулаторияларға да енгізу қажет. Біртұтас дистрибьютор жұмысын жеңілдеткен тағы бір жағдай – Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмектерді шектеулі баға енгізу арқылы мемлекет қаржысына сатып алу бағасына бақылау енгізуі.
Мемлекет үшін бюджет қаржысы үнемделе бастады. 2008 жылмен салыстырғанда, орта есеппен алғанда, 2009 жылғы девальвацияға қарамастан, үнемдеу көлемі 20 пайыздан асып отыр. Отандық өндіріс үлесі, бірыңғай дистрибьюция жүйесі енгізілгенге дейінгі кезеңмен салыстырғанда еселеп өсті. 2014 жылға таман Қазақстанда натуралды түрде сатылатын дәрі-дәрмектердің 50 пайызы отандық өнім болады деп жоспарлап отырмыз. Қазақстандық өндірістің ұлғаюы мемлекет үшін өте маңызды. Бұл шетелдік дәрілерді жеткізу немесе төтенше жағдайларда туындауы мүмкін қиындықтарды болдырмауда дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Екінші базалық артықшылығы – қосымша жоғары сапалы жұмыс орындарын ашу, бұл экономиканың тұрақты дамуында үлкен маңызға ие. Үшінші артықшылығы стратегиялық- экономикалық маңызға ие, яғни біздің өнімдерді экспортқа шығару.
– Отандық өндірістер генериктерді, яғни құрамы мен әсер етуі жағынан дәрі-дәрмектердің дубликаттарын шығаруға негізделген. Баспасөзде отандық дәрілердің тиімділігі мен сапасы туралы мәселе көтерілді. Осыған орай сіздің сарапшы ретінде ойыңызды естігім келіп отыр.
– Генерик дәрілердің оның түпнұсқасынан еш айырмашылығы жоқ. Әлемдік фармрыноктың ерекшелігі сол, жаңа дәрі белгілі бір мерзімді патент қорғауына ие болады. Орта есеппен ол 20 жыл болады: 10 жыл сынақтан өткізуге және тағы 10 жыл нарыққа шығаруға кетеді. Бұл заттың патент мерзімі аяқталған уақытта кез келген фармацевтикалық компания аталмыш препараттың құрамын сақтай отырып, оны басқа бір атпен шығаруға мүмкіндік алады. Бұл дәрілерді біз генериктер деп атаймыз. Сапасы жағынан олардың түпнұсқадан ешқандай айырмашылығы жоқ. Тәжірибе көрсетіп бергендей, патент мерзімі өткен дәрілердің кез келген түрінің әлемдік саудадағы үлесі 90 пайыз болып отыр. Сапасы жағынан олар түпнұсқадан кем түспейді, тіпті артық болып жатады, өйткені дәріні жасау кезінде жетілген технологиялар қолданылады. Ең бастысы, мұндай дәрілер тұтынушы үшін аса қымбат болмайды. Генериктер пайда болған алғашқы кезеңде оның бағасы түпнұсқасымен салыстырғанда 30 пайызға арзан болады, уақыт өте келе одан да арзандауы мүмкін. Мұны экономикалық есептеулермен түсіндіруге болады. Өндіруші компания дәрі құнына оның көп жылдарғы ғылыми зерттемелер, зерттеулер мен тәжірибеден өткізу бағасын да қосады, бұл шығындар дәрі бағасынын 90 пайызын құрайды. Бұл уақытта генериктерді шығарушы дәріге ешқандай тиын шығындамайды – бар болғаны түпнұсқадағы формула бойынша тәжірибеден өткен және дайын препаратты шығарады.
– Бірақ халық арасында кейде генерик-дәрілер клиникалық сынақтан өткізілмейді, оның әсер етуі түпнұсқаға жетпейді деп жатады?
– Бұл жалған ақпарат, оны әдетте дәрінің түпнұсқасын шығарушы сауда агенттері таратып жатады. Генериктің негізгі заты дәрінің түпнұсқасындағыдай химиялық құрамға ие болады. Генериктер дәрінің биологиялық эквиваленттілі, түпнұсқасы құрамымен бір екендігін анықтау үшін түрлі тексерулерден өтеді. Бұл үшін Ұлттық дәрі-дәрмек тексеру орталығында арнайы сараптамалық зертханалар бар, сол арқылы мемлекет бұл дәрілердің сапасын өте қатаң тексеріп отырады.
Бұған қоса, генериктерді пайдаланудың қауіпсіздігін әлемдік дәрі нарығындағы үрдіс көрсетіп отыр. АҚШ-та оның саудадағы үлесі 40 пайызға дейін жетіп отыр. Мұнда дәрінің патенттік қорғанысы аяқталған алғашқы жылы-ақ оны сату үлесінің 90 пайызын генериктер құрайды. Өз денсаулығына ұқыптылықпен қарайтын америкалықтар генериктердің дәрінің түпнұсқасынан кем болатын болса, оны сатып алады дегенге сену өте қиын ғой.
– Бұған дейін дәрі-дәрмектерді аймақтарға тұрақты жеткізу мәселесі сынға ұшырап жатты. Жаңа дистрибьюция жүйесінде осындай қиыншылықтар болды ма? Қазір дәрі-дәрмектер Қазақстан бойынша емдеу мекемелеріне қаншалықты жиі және қандай көлемде жеткізіліп отырады?
Компания менеджменті ауысқаннан кейінгі екінші жартыжылдықта біз жағдайды тез өзгерте алдық: жеткізушімен арадағы қарым-қатынас жолдарын айқындадық, біздің қоймаларда кем дегенде үш айлық қор жинастырдық. Клиникаларды дәрімен толықтай қамтамасыз еттік, 17 қарашада жеткізу жоспары сұранысқа қарай 100 пайызға жүзеге асырылды. Бұған қоса, бюджетке жеткізу жағдайы тиімді болғаны жақсы, өйткені бағалар нарықтағы орта есеппен алғанда кем дегенде 10-20 пайызға төмен.
Айтуға тұрарлық мысал – белгілі француз өндіруші Санофи Пастердің тұмауға қарсы вакцинасы. Биыл біз оны аймақ бойынша қорабы үшін 630 теңгеге сатып алдық, ал өткен жылы кейбір денсаулық сақтау департаменттері 1800 теңгеден алған еді, дәрінің нарықтағы орташа бағасы 1600-1700 теңге. Яғни, жеткізу тиімділігі және өндіруші зауыт пен тұтынушы арасындағы түрлі дәнекерлерді жою арқылы бағаны үш есе түсіре алдық. Бірақ әттеген-ай дейтін жайттар да жоқ емес, қазірдің өзінде Бірыңғай дистрибьютор қызметінен бас тартқандар аймақтарда вакцинаны 3 есе қымбатқа сатып алды. Бұл тұрғыда бюджет қаржысын тиімді пайдалану туралы әңгіме болуы мүмкін емес.
Қазір біздің денсаулық сақтау ұйымдарына “ұзақ” уақытқа тауар несиелерін бере бастауымыздың маңызы зор. Қазір оның жиынтық көлемі – 6 миллиард теңгеден асады. Бұл тиімді, өйткені клиникалар уақытымен дәрі алып отыр, тиімді дәрі бағасымен көптеген қазақстандықтар тиісті емін алуы өте маңызды. Бұған қоса біз жеткізілген дәрілердің ақысын уақтылы төлемегені үшін айыппұл санкцияларын енгізбей отырмыз, өйткені біз үшін тұрғындарды сапалы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді басты назарда ұстаймыз. Мен кезінде Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық және фармацевтикалық комитетті басқардым және көмекте уақтылы жеткізбеу адам өміріне әкеп соқтыратындығын жақсы білемін. Сондықтан қаржы жағын біз екінші мәселе ретінде қараймыз. Біз үшін ең маңыздысы – науқас мүддесінен шығу.
– Жақында ғана келесі жылы сатып алу тендері аяқталды. Соның нәтижелері қандай? Тендер жүргізу әдісі қаншалықты тиімді, жеткізуші ұсынатын дәрі бағасын түсіруге ықпал ете ме? Жаңа дистрибьюция жүйесін енгізуге байланысты осы жылы “СК-Фармация” үнемдей алған қаржы көлемін атай аласыз ба?
Нәтижелер бізді қуантып отыр. Отандық өндірушілер үлесі көбейді. 2010 жылғы нарық бағасымен салыстырғанда біз бюджет қаражатын 2 миллиард теңгеге үнемдей алдық. 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда, жалпы үнем көлемі 6 миллиард теңге шамасында болды. Бірақ ең басты оң көрсеткіш, біздің ойымызша, енді біз келесі жылдың дәрісін осы жылы сатып алып отырамыз. Бірыңғай дистрибьютор ретінде біз дәріні сатып алу кезінде қазіргі бюджет процесін есепке ала отырып бағаны тиімді меңгере аламыз. Мұның қандай артықшылығы бар? Бұған дейін тапсырыс барлық рәсімдер жасалғаннан кейін бірінші жартыжылдықта жүзеге асатын. Бірақ өндірушіге сұраныс түскен дәріні дайындауға кем дегенде 60 күн уақыт керек. Қазіргі таңда қажетті дәріні қыркүйек-қазанда сатып алу арқылы біз өндірушіге жетерліктей уақыт береміз. Желтоқсанның екінші жартысында біздің стационарларды тегін медициналық көмекпен қамтуға қажетті дәрінің жартыжылдық қоры жинақталады. Ал гемофилия, туберкулез, қант диабеті және басқа да әлеуметтік маңызға ие сырқаттардың республикалық бюджет аясында сатып алынатын дәрінің бір жылдық қорын жасаймыз. Шалғай аудандарда дәрінің қажетті қорын қамтамасыз ету аудандарда жүзеге асырылады, жеткізу кедергілеріне, мысалы ауа райының қолайсыздығына тап болмас үшін солай жоспарланған. Жалпы алғанда, жаңа жүйе үздіксіз жеткізуі мен иекемді екендігіне орай өте тиімді болып отыр. Сол арқылы қажетті дәрі қорын құруға, бір аймақтарда сұраныстың күрт өсуі немесе басқа бірінде қордың жинақталып қалуын реттеуге мүмкіндік береді. Ендігі жерде қажетті дәрілерді жеткізбей қалу деген мәселе туындамайды.
Бірақ кейбір қоғамдық ұйымдар әлеуметтік маңызға ие аурулар дәрілері жоқ деп әлі де жалған ақпарат таратумен жүр. Дәрілер аймақтарда бар деп сендіргім келеді. Бұл науқастар арнайы есепте тұр. Осындай айыптауларды болдырмас үшін біз құқық қорғау органдарымен бірге нақты фактілер бойынша тексеруге дайынбыз.
Бұған қоса, босқа дүрлікпес үшін біз Балтық елдері тәжірибесі бойынша әрбір науқастың емдік дәрілері мен оны сақтау орындары көрсетілген реестр құруды ұсынып отырмыз. Білгісі келген әрбір адам науқасты емдеуге қанша қаржы жұмсалғаны мен дәрілер қоры қайда сақталғандығын тексеріп көре алады.
Өкінішке қарай, дәрілерді қамтамасыз ету проблемаларының бәрін біздің компаниядан көру үрдісі маған ұнамайды. Айта кетерлік жайт, СК-Фармация тегін медициналық көмектің кепілі бар көлемі аясында стационарлар үшін ғана дәріні сатып алу және жеткізу жұмыстарын жүргізеді. Жалғыз ғана ерекшелік – гемофилиямен ауыратындарға қан ұйыту факторы және диабетпен ауыратындарға инсулиндер. Ерекше тоқталып өтемін, тек ересек науқастарға ғана. Қалған жеңілдіктер және амбулаториялық қамсыздандыру жергілікті бюджет, яғни жергілікті басқару органдарының міндетіне кіреді және әкімдіктерге сатып алу жүйесін және тендерлік тәртіптемелерді өткізу мерзімдерін қайта қарағаны жөн. Пациенттер дәрі-дәрмек заттарының өңірлерде болуы тиіс қорымен үздіксіз қамтамасыз етілуі тиіс. Осындай жартыжылдық және тіптен жылдық қор «СҚ-Фармация» ЖШС-ға енгізілуі тиіс. Медициналық қызмет сапасы барлық жерде бірдей болуы қажет және ең алдымен ауру адамға медициналық көмек уақытылы көрсетілгені жөн.



