ШҚО-да онкологиялық диспансер жаңа қондырғымен толықты
17.07.2014
ШҚО-да онкологиялық диспансер жаңа қондырғымен толықты
17 Шілде 2014, ҚазАқпарат
Семей қаласында орналасқан Шығыс Қазақстан өңірлік онкологиялық диспансері референс-орталығының патоморфологиялық зертханасы жаңа жабдықтармен толықты. Мемлекеттік бағдарламамен сатып алынған жабдықтың құны 90 млн. теңгені құрайды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
2012-2016 жылдарға арналған «ҚР-да онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасын» жүзеге асыру аясында онкологияның жаңғыртылған қызметін құру, жоғарғы технологиялық диагностика әдістерін дамыту және онкологиялық ауруға шалдыққандарды емдеу бойынша біраз жұмыс атқарылуда.
ШҚО Семей қаласында онкоауруларын емдеуге арналған 2 аймақтық орталық ашу көзделген. Олардың бірі - референс-центр (ШҚО мен Павлодар облысының тұрғындарына арналған иммуногистохимиялық зертхана) бүгінде жұмыс істеп тұр.
Екінші мекеме - радиациялық онкологияның жоғары мамандандырылған орталығын (РОМО) ағымдағы жылдың күзінде іске қосу жоспарланған.
«2012-2016 жылдарға арналған «ҚР-да онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы» аясында Семейдің онкологиялық диспансерінде елдегі үш референс-орталықтың бірі ашылды. Оған Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен заманауи иммуногистологиялық, гистологиялық және гистохимиялық зерттеу аппараты сатып алынды, - деді Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан аймақтық онкологиялық диспансердің директоры Марат Сандыбаев. - Бұл онкологиялық аурулар диагностикасындағы заманауи бағыттардың бірі. Қондырғыны сатып алу шеңберінде отандық және шетелдік мамандармен шеберлік сағаттары өтуде. Мұнда Қазақстанның алты диспансерінен гистолог-дәрігерлер келген».
Семейдің референс-орталығының базасында жаңа қондырғымен жұмыс істеу бойынша шеберлік сағаты өтеді. Даниялық DAKO компаниясының жетекші мамандары Гемма Ечезаретта мен Анна Мрозковиак бір апта бойы республиканың 5 аймағынан: Алматы, Қарағанды, Талдықорған, Өскемен және Семейден келген патоморфолог-дәрігерлері мен зертханашыларды оқытады.



