Прайс-парақ

жаңартылды 13.07.2015

көшіріп алу


шапка шапка шапка шапка

Жатыр мойны обырына қарсы вакцина - қатерлі ісіктің алдын алуға арналған таптырмас құрал

14.11.2014

Жатыр мойны обырына қарсы вакцина - қатерлі ісіктің алдын алуға арналған таптырмас құрал

14 Қараша 2014, ҚазАқпарат

Қатерлі ісік дертіне кез келген адам, жас пен кәрі де, бай мен кедей де, ер адам мен әйел де, тіпті жас баланың өзі шалдығуы мүмкін. Қатерлі ісік науқастарға да, олардың ет жақындарына да және қоғамға да айтарлықтай ауыртпашылық әкеледі. Бұл дерттің салдарынан әлемде, оның ішінде еуропа елдерінде өлім атаулы көбейіп барады. Қатерлі ісік дертінің жүздеген түрі бар. Бұл адам денесінің кез келген мүшесінде кездесуі мүмкін. Алайда көпшілік қатерлі ісіктен туындайтын өлімнен құтылудың жолы бар екенін білмейді. Қатерлі ісік ауруына шалдықтыратын себеп-салдардың отыз пайызынан салауатты өмір сүру салтын ұстану мен осы ауруды қоздыратын инфекцияларды иммунизациялау арқылы құтылуға болатынына көз жеткізіліп отыр. Ал өзге ебептердің алдын алуға, дерттің жаңа басталған кезеңінде емделіп, біржола сауығуға болады.
Әлемдегі қатерлі ісік дертінің бестен бір бөлігі созылмалы инфекциялардың салдарынан пайда болады. Айталық, адамның папиллома вирусы жатыр мойны қатерлі ісігіне әкеледі. Әлемдегі әйелдердің дені қатерлі ісік дертінің мынандай бес түрінен: кеуде обыры, өкпе, тоқ және тік ішек, жатыр мойны қатерлі ісігенен көз жұмады. Көптеген дамушы елдерде осы қатерлі ісік түрлері аса кең тарап отыр.

Еуропада қатерлі ісіктің салдарынан бір жылда отыз мың әйел көз жұмады. Ал Қазақстанда жатыр мойны обырынан күніне екі әйелдің өмірі қиылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аумақтық деректер бюросының деректеріне сүйенсек, Қазақстан жатыр мойны қатерлі ісігі дерті бойынша Еуроодақ елдері ішінде төртінші орынға шығып отыр. Ал Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметтері бойынша, Қазақстанда жыл сайын әрбір 100 000 әйелдің жиырма екісі осы дертке шалдықса, сегізі жатыр мойны қатерлі ісігі дертінен ажал құшады. Алайда біздің елде мұның ақ-қарасын ажырату қиынға соғады. ДДСҰ болжамынша, таяу арада жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыратын науқастардың қатары 25 пайызға арта түспек.

Әйелдердің көбісі жатыр мойны қатерлі ісігі дертінен күш-қуаты тасып тұрған жас шағында өмірімен қош айтысып жатады. Олар балаларының қызығын көріп, отбасына қамқорлық жасап, қоғамның әлеуметтік және экономикалық жағдайына үлес қоса алар еді ғой. Әлі айқындала қоймаған ақиқат, бірақ берік дәлелденген дүние. Ол - жатыр мойны ісігі дер кезінде анықталса және тиімді емделген жағдайда қатерлі жаңа ісіктердің алдын алуға және емдеп жазуға әбден болатыны.

Жатыр мойны қатерлі ісігі адам ағзасында көбінесе жыныс қатынасы арқылы жұғатын папиллома вирусы қоздырады. Алайда жыныстық қатынасқа түспей, тері үйкелісінен де жұғуы мүмкін екенін белгілі. Бұл қатерлі ісік ауруын инфекция туғызатын түрлерінің бірі ғана. Мамандардың пайымдауынша, аталмыш вирус жер шарында тұратын белсенді жыныстық қатынаста өмір сүретін халықтың 90, 7 пайызында кездеседі. Бүгінгі күні аталған вирустың 140 түрі белгілі. 15 түрі - онкогендік. Тек солардың ішінде екеуі, 16 мен 18 ғана, көп таралған. Ал жатыр мойны қатерлі ісігінің 80 пайызында ауру ошақтары осы вирустың 2 түрі арқылы пайда болады екен.

ДДСҰ деректерінше, қатерлі ісік дертінің 80 пайызы полиэтиологиялық факторлардың, яғни жұқпалы инфекциялық дерттердің салдарынан туындайды. Жалпы жатыр мойны қатерлі ісік дертінің пайда болуының бірнеше қауіпті ықпалдары бар. Жыныстық қатынасты ерте бастағаннан, жыныстық қатынастарда жиі болғаннан, ерте босану, шылым шегу, иммунитеттің әлсіреуі әсер етеді.

Қазақстанда аурудың бастапқы кезеңін анықтайтын онколог мамандары бар мықты клиникалар жеткілікті. Алайда көптеген әйелдер бұл дерт туралы ештеңе білмейді. Оның үстіне дәрігерлік профилактикалық қадағалаудан да құр қалып жатады. Егер елімізде жаппай скринингтік тексеруден кез келген әйелді міндетті түрде өткізсе, онда науқастар жайлы мәлімет жан шошытарлықтай болатыны ақиқат.

Жатыр мойны қатерлі ісігі өте баяу пайда болады. Нақты белгілері де жоқ. Оның пайда болуының нақты белгілері ұзақ уақытқа дейін сезілмей жүреді. Міне, бұл дерттің қауіптілігі де осында жатыр. Дерттің белгісі ретінде, әдетте, әйелдер қансырап дәрігерге көрініп жатады. Қан белгілері жыныстық қатынастан соң, кейде етеккір кезінде байқалып жатады. Ауру меңдеп бара жатқанда және қатерлі ісік жайылғанда құйымшақтың төменгі жағы, бел, аяғы ауырады, кейде аяғы ісіп кетеді, дәрет сындыру қиынға соға бастайды, минструалды цикл бұзылады, түрлі қоймалжың сұйқтықтар бөліне бастайды.

Таяу араға дейін қатерлі ісіктің бастапқы кезеңін диструктивті жолмен емдеп келді. Ал адамның папиллома вирусына қарсы вакцинасы қатерлі ісіктің кең етек алған түрінің алдын алуға арналған таптырмас құрал болып отыр. Адамның жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын папиллома вирусына қарсы вакцинасын егу әйелдердің денсаулығына елеулі әсерін тигізбек.

2006 жылы қатерлі ісік дертіне шалдықтыратын ең көп таралып жүрген адамның папиллома вирусына қарсы профилактикалық шаралар ретінде алғашқы вакцинаға қол жеткізілді. Содан бері 120 ел вакцинаны лицензиялап алды және осы мемлекеттердің 33-і вакцинация бағдарламаларын мемлекеттік тұрғыда жүзеге асыра бастады. Бұл әсіресе жасөспірім қыздарды қамтып жатыр.

Қазақстанда да осындай келеңсіздіктен құтылуға мүмкіндік бар. Көптеген зерттеулер аталған вакцинаның жоғары тиімділігін көрсетті. Оның үстіне, жас мөлшерге қатысты ешқандай шектеу жоқ. Дәрігерлер, алайда, бұны қағида бойынша еккізуді ұсынады. Егуді неғұрлым ерте бастасаң, соғұрлым жақсы дегенді айтады. Вакцинацияның ең тиімді кезеңі - 9 бен 15 жас аралығы. Осы кезде жатыр мойны қатерлі ісігінен 100 пайыз сақтануға мүмкіндік болады.

Ана мен бала өлімінің көрсеткішін азайту - мемлекеттің алдына қойған басымды міндеті. Қазақстан Республикасының 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ана мен бала денсаулығын арттыру бағдарламаның басты мақсаттарының бірі екені анық.

Астана қ. Онкологиялық диспансердің онкогинеколог дәрігері Г. Ж. Үдербаева

Тізімге қайта келу