2016 жылдан бастап Қазақстан медицина өнімдерінің бірегей нарығына енеді
17.07.2014
17 Шілде 2014, ҚазАқпарат
2016 жылдан бастап Қазақстан медицина өнімдерінің бірегей нарығына енеді
17 Шілде 2014, ҚазАқпарат
2016 жылдан бастап Қазақстан Кедендік одақ аясындағы медицина өнімдерінің бірегей нарығына енеді. Бүгін Үкімет отырысына арналған Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осылай мәлім етті.
«Кедендік одақ аясындағы экономикалық кеңістік бойынша жасалған келісімге сәйкес, біз аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан, Ресеймен, Беларусь елімен бірлесіп, 50-ге тарта нормативтік-құқықтық актілерді біріздендіреміз. Жалпы заңнамаларды сәйкестендіру бағытында Қазақстан басқа әріптестеріне қарағанда алдыңғы қатарда келеді», - дейді министр Салидат Қайырбекова.
Оның айтуынша, Кедендік одақ аясында әріптес мемлекеттер арасында жалған дәрі-дәрмектер бойынша өзара ақпарат алмасатын бірегей ақпараттық орталық жұмысын жандандыру да қажет етіледі. Бұл ретте ведомство басшысы жалған медициналық өнімдердің халықаралық мәліметтер базасына қолжетімділік 2015 жылы Қазақстанның сынақ орталығы іске қосылғаннан кейін ғана мүмкін болатынын айтты. Ал еліміздегі сынақ орталығы нақты мәліметтермен қамтылуы үшін оның еуропалық желіге қосылуы қажет.
Бұдан бөлек, министр бүгінгі таңда Қазақстан халықтың денсаулығына қауіп төндіретін медициналық өнімдерді бұрмалау және оған қатысты орын алатын қылмыстар бойынша Еуропа кеңесінің конвенциясына қосылуға ниетті екенін жеткізді. «Бұл - әлемдік үдеріс. «Медикрим» аталатын осы конвенция - бұл осы саладағы қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын тұңғыш халықаралық құрал», - деді министр.



